Қазатомөнеркәсіп «Каустик» АҚ-дағы үлесін сатады

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «Каустик» АҚ-дағы 40% акциялар пакетін сататынын хабарлайды.

Конкурстық құжаттама мен ашық екі кезеңдік конкурстың хабарламасы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның (www.kazatomprom.kz) веб-порталында орналастырылған. 40% акциялар пакеті үшін сұралатын бастапқы баға үш миллиард жеті жүз жиырма миллион алты жүз сегіз мың теңгені құрайды.

Конкурс «Самұрық-Қазына» АҚ және дауыс беру акцияларының елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде «Самұрық-Қазына» АҚ-на меншік ретінде тиесілі болған ұйымдардың «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген активтерін сату және қайта құрылымдаудың бірыңғай Ережелері мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ активтерін сату жөніндегі Комиссия бекіткен конкурстық құжаттамаларға сәйкес жүргізіледі.

Ашық екі кезеңдік конкурсқа өтінімдер қабылдау 2018 жылғы 3 қаңтарда Астана уақытымен сағат 15.00-де аяқталады.

«Каустик» АҚ – қолданыстағы барлық қазақстандық және халықаралық жоғары сапа стандарттарына сәйкес келетін заманауи химия өндірісі. Кәсіпорын каустикалық сода (30 мың т/ж), сұйық хлор (26 мың т/ж), тұз қышқылын (45 мың т/ж), сондай-ақ натрийдың техникалық гипохлоритын (6,6 мың т/ж) шығарады. Зауыт өнімдері экономиканың көптеген салаларында: мұнай, химия, медицина, тамақ өнеркәсібі, түсті және қара металлургия және т.б. қолданылады.

Еншілес және тәуелді кәсіпорындарды сату Бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында бизнесті оңтайландыру мақсатында бейінді емес активтерден арылу және компания қызметін тікелей атом саласына бағыттау жолымен жүзеге асырылуда.