Қазатомөнеркәсіп ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73-жылдығы қарсаңында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Астана қаласының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады.

Компания қызметкерлері мен атом өнеркәсібі салалық кәсіподағы өкілдерінің делегациясы ардагерлерді құттықтап барып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сапар барысында майдангерлерге бағалы сыйлықтар мен азық-түліктер себетін тапсырды.

Мұндай ықыласқа риза болған ардагерлер сұрапыл соғыс, қыршын кеткен боздақтар, түрлі тағдырлар туралы естеліктер айтып, бұл жеңістің оңай келмегенін баяндады. Қазатомөнеркәсіп өкілдері бейбіт өмір, ашық аспан үшін ардагерлерге алғыстарын айтып, олардың жанкешті ерлігі мен ерік-жігерлеріне құрмет көрсетті.

Қазатомөнеркәсіп әлеуметтік бағыты айқын компания ретінде жыл сайын Астанада және еншілес кәсіпорындары орналасқан өңірлердегі майдангерлер мен тыл еңбекшілеріне қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешуде оларға жан-жақты көмектесіп келеді.